Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Корея Республикасына жұмыс сапарымен барып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.
Алдымен Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігінде кореялық бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде облыс әкімі Нариман Төреғалиев екі ел арасындағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған мұндай алаңдардың маңызы зор екенін жеткізді. Әкім өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының географиялық және экономикалық артықшылықтарына тоқталды. Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектесетін өңірдің транзиттік әлеуеті жоғары екенін, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
«Біз бүгін Батыс Қазақстан облысынан арнайы делегациямен Корея Республикасына келдік. Алдымен осындай кездесуді өткізуге қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Алмасбайұлына алғыс айтамын! Инвестиция тарту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қазір Корея инвесторларымен бірнеше бағыт бойынша жұмыстар басталды. Біз осы сапар барысында ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан компаниялармен нақты келіссөздер жүргізуді, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін таныстыруды жоспарлап отырмыз», — деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамып келе жатқанын айтты.
Іскерлік кездесуге Кореяның бірқатар ірі компаниялары — DL Co., Ltd. (DL GFRP), Daocle1, Flow & Buoyancy Hydroelectric Power Generation System, Manseung Energy, Global Defense / Defense Global Kazakhstan LLP қатысты. Тараптар өнеркәсіп, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология және инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.